Қауымдастыққа инвестицияларымыз

Әлеуметтік бағдарламалар

1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Бұл қаражат бірнеше мақсаттық бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жұмсалуда. Бұл ретте «Игілік» және «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламаларының орны ерекше.

«Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы

Өз қызметін бастаған 1993 жылы-ақ «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны компанияға және жергілікті қауымдастыққа пайда тигізу мақсатында 50 миллион АҚШ доллар көлеміндегі 5 жылдық «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өзі бөлген қаржылар жұмсалатын нысандарды компанияның Атырау облысының әкімдігімен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы таңдау дәстүрі дәл сол кезден бастау алған болатын. «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасы жоспар бойынша өз қызметін 1998 жылы ойдағыдай аяқтап, нәтижесінде, осындай бағдарламаның қажеттілігі және тигізер орасан пайдасы анықталды.

Осының нәтижесінде 1998 жылы ТШО өз ұйғарымымен «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасының орнына ерікті «Игілік» бағдарламасын қабылдады. «Игілік» бағдарламасының жұмысы 1999 жылы бастапқы бюджеті 4 миллион АҚШ доллар көлеміндегі қаржымен жүзеге асырыла бастады. ТШО инвестиция көлемін біртіндеп 2003 жылға дейін 8 миллион АҚШ долларына өсірді, ал, бұдан кейінгі үш жылда оның мөлшері 12 миллион АҚШ долларына жеткізілді. «Игілік» бағдарламасының 2009 және 2012 жылдардағы жылдық бюджеті 20 миллион АҚШ долларын құрды.

2013 жылдан бері «Игілік» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында ТШО жыл сайын 25 миллион АҚШ долларын бөлуде.


«Игілік» жобаларының картасы


2019-дағы «Игілік» бағдарламасының бюджеті
(АҚШ доллар)


25 млн


«Игілік» аясындағы жобаларға жалпы бөлінген қаражат
(АҚШ доллар)


287 млн

1993 жылдан бері әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына жалпы бөлінген қаражат
(АҚШ доллар)


337 млн

«Игілік» бағдарламасы жөніндегі бейнематериал

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы

2010 жылы басталған Әлеуметтік инвестиция бағдарламасы (ӘИБ) – ТШО-ның аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға арнаған тағы бір жарқын бастамасы. Соңғы кездері жүргізілген ұйымдастыру шешімдерінің нәтижесінде ТШО ӘИБ өндіріс пен жұртшылықтың қажеттіліктері мен мақсаттарына сай жетілдірді. Бұл бағдарлама аясында ТШО жыл сайын 1 млн АҚШ доллардан астам қаражат бөлуде.


Әлеуметтік инвестиция бөлу принциптері:


  • Бизнестің әдебі мен әлеуметтік жауапкершілігін сақтай отырып, бизнес пен жергілікті қауымдастықты қолдау;
  • Адами, әлеуметтік және ұйымдық әлеуетті дамыту және жергілікті экономика мен тұрғындардың тұрмыс жағдайының ТШО-ның қолдауынсыз тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

 

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының негізгі бағыттары:


  • Қоғамның игілігі мен ТШО-ның пайдасы үшін азаматтар мен ұйымдардың әлеуетін көтеру;
  • Оқыту, машықтандыру және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету;
  • Салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысу;
  • Экологиялық сауаттылық және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау


ӘИБ серіктестерінің есебі


Қатысты мақалалар

Басқа мақалаларымыз

Атырау облысында екі қоғамдық-мәдени орталық пайдалануға берілді

24 мамыр 2019

2019 жылдың 23 мамыр күні – Индер ауданы, Атырау облысы. «Теңізшевройл» ЖШС жүзеге асыратын «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында Атырау облысында екі қоғамдық-мәдени орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Community Center

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлы және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев бастаған компания өкілдері қатысты.

Индер ауданының Есбор және Бөдене ауылдарындағы қоғамдық-мәдени орталықтарында сыйымдылығы 300 және 200 адам болатын көрермендер залдары, сондай-ақ тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға арналған басқа да үй-жайлары бар. Жоба бойынша әр орталықтың екі қабатында кітапхана және оқу залы, би залы, үйірме, музыкалық, әкімшілік және техникалық бөлмелер қарастырылған. Екі орталықтың аумағы жақсылап жабдықталған және көгалдандырылған.

Community Center 2

«ТШО – жергілікті қоғамдастықтың бір бөлігі және біз бүкіл облыс тұрғындарының компанияның әлеуметтік салаға қосқан үлесінен оң нәтиже алғандығын қалаймыз. 1993 жылдан бастап ТШО Атырау облысындағы түрлі әлеуметтік жобаларға 1,7 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлді» – деп атап өтті Әсет Құрманбаев.

Бұл Индер ауданының 30 мың тұрғыны үшін компания жүзеге асырған «Игілік» аясындағы жалғыз инфрақұрылымдық жобалар емес. 2016 жылы Индербор ауылында 400 адамға арналған көрермен залы бар мәдениет үйі салынды. Бір жылдан кейін компания Ынтымақ ауылында 120 орындық мектепті іске қосты.   

ТШО өзінің «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында Атырау обылысында 84 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салып, нәтижесінде мұғалімдер, дәрігерлер және техникалық қызметкерлер үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының 2019 жылғы бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады.