Жылыойға – реанимобиль

31 қазан 2019
Ecology

ТШО Жаңалықтарынан мақала

Жақында «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев Жылыой аудандық орталық ауруханасына салтанатты түрде реанимобиль автокөлігін сыйға тартты. Аудандық аурухана ұжымы мен қала жұртшылығының өкілдері қатысқан салтанатта Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет сөйлеп, аудан халқы атынан кәсіпорын ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

«Теңізшевройл» кәсіпорны құрылғаннан бергі арада өткен ширек ғасырдан астам уақытта ауданның медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Басқаны айтпағанның өзінде биылдың өзінде кәсіп-орын шамамен 1 млн. АҚШ долларына жуық заманауи медициналық жабдықтарды аудан жұртшылығының игілігіне тапсырды. Кәсіпорын сыйлаған реанимобильдердің, жан сақтау бөлімі құрылғыларының, фототерапия аппараты мен жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатордың, ультрадыбыстық жүйенің, травматологияға арналған мобильді жан сақтау жүйесінің, жоғары технологиялық заманауи компьютерлердің медициналық қызметтің сапасын әлдеқайда жақсартуға ықпал етіп жатқанына біз куә болып отырмыз.

Аурухана ұжымы мен емделушілер атынан «Теңізшевройл» кәсіпорнының қамқорлығына,әсіресе оңды істің бастауында тұрған кәсіпорын директоры Имер Боннер мен аудан қажетін жете білетін жерлесіміз, үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджері Рзабек Артығалиевқа, жалпы тшолықтарға шынайы алғысымыз-ды білдіреміз. Кәсіпорынның ауқымы кеңейіп, өндірістік көрсеткіші дамыған сайын, біз ауданымыздың ажары айшықтала түсетініне сенеміз. Сондықтан аудан төріндегі кәсіпорынның жан-жақты дами түскенін қалаймыз.