Теңізшевройл 2021 жылдың нәтижелерін жариялады

23 ақпан 2022
Ecology

2022 ж. 23 ақпан, АЛМАТЫ – Бүгін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) 2021 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар жоғары нәтижелі көрсеткіштері жайында мәлімдеді. 2021 жылы компания 26,6 миллион тонна шикі мұнай өндіріп, 1993 жылы негізі қаланғаннан бері 500 миллион тонна (4 миллиард баррель) шикі мұнай өндірумен байланысты елеулі межені бағындырды.

Атап өтерлігі, 2021 жылдың соңына қарай Келешек кеңею жобасы - Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) бойынша жұмыстар 89%-ға орындалды. ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін мұнай жинақтау жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын төрт топтық-өлшеуіш қондырғылардың үшіншісінен алғашқы мұнай алынды. Сондай-ақ, жыл сайынғы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен 4 күн бұрын аяқталды.

Осындай басты жетістіктермен қатар, ТШО ауаға жіберілетін шығарындылар қарқынын қысқартты және де 2017 жылдан бері газды алауда жағудың ең төменгі көрсеткішіне қол жеткізді.

ТШО жаһандық пандемия жағдайында жыл бойы өз қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға баса назар аударды. Жыл соңына қарай өз еркімен толық вакцина алғандар қатары 99%-ға жетті.

2021 жылы да Қазақстан Республикасына (ҚР) 9 млрд АҚШ долларынан астам тікелей төлем аударып, ұлттық экономикаға анағұрлым мол үлес қосуды жалғастырды.

 

Жалпы, 1993 жылдан бері ТШО Қазақстанға 162 млрд.АҚШ долларынан астам тікелей қаржылық төлем жасады,оның ішінде 40 млрд.АҚШ долларынан астамы жергілікті қамтушылардың тауарлары мен қызметтерін сатып алуға жұмсалды.Компания отандық тауарлар мен қызметтердің республикадағы ірі сатып алушысы болып қалуда. Бір ғана 2021 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберінде жұмсалған 2,4 млрд АҚШ долларын қоса алғанда бұл көрсеткіш 3,6 млрд АҚШ долларын құрады. Жыл соңында ТШО штатындағы Қазақстан азаматтарының жалпы үлесі 1993 жылғы 50%-дан 94%-ға көтерілді.

ТШО бас директоры Кевин Лайон: «Осынау ғаламат жетістіктеріміздің сыртында Серіктестеріміз бен Қазақстан үкіметінің қолдауы,сондай-ақ қызметкерлеріміздің біліктілігі мен табандылығы тұр».«ТШО Сара жолындағы» құндылықтарымызға сай осыншама жоғары нәтижелерге қол жеткізгенімізге қуаныштымын» - деп атап өтті.

ТШО 2021 жылы елмен бірге Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтті. «Айтулы жылда біз Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаруды жалғастырып, жергілікті қамтуды дамытуға ықпал еткенімізді және қызметімізді жүргізіп отырған өңір тұрғындарына қолдау көрсеткенімізді мақтан тұтамыз» - деді ТШО бас директорының орынбасары Айбек Қрамбаев.

ТШО 1993 жылдан бері Атырау облысында әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға 2,3 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады.Кәсіпорын жылдық бюджеті 25 млн.АҚШ долларынан тұратын ерікті «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылым бағдарламасының және 2 млн.АҚШ долларындай қаржысы бар Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының көмегімен қоғамдастықты қолдауды жалғастыруда.

 

«Теңізшевройл» ЖШС жайында

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) мұнай, сұйытылған газ, құрғақ газ және күкірт қорларын игерумен, өндірумен және сатумен айналысатын қазақстандық жауапкершілігі шектеулі серіктестік. ТШО жаңа технологияларды енгізіп, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдік стандарттарға сәйкес өз қызметін жүзеге асырады. 1993 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында ТШО біріккен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Серіктестіктің қатысушылары: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.»–25% және «ЛукАрко» - 5%.

Келешек кеңею жобасы (ККЖ) және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) – бұл ТШО-ның бір уақытта жүзеге асыратын екі біріктірілген жобасы. ККЖ жобасыТеңіз кен орнындағы шикі мұнай өндіру қуатын жылына шамамен 12 млн тоннаға ұлғайтады, жалпы жылдық көлем шамамен 39 млн тонна. ККЖ жобасы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, ал ҰЕҚБЖ жобасын орындау ұңғы сағасындағы қысымды төмендету және жұмыс істеп тұрған алты кешенді технологиялық желілердегі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнындағы зауыттардың өңдеу қуатын толық жүктеуді қамтамасыз етеді.