Кәмшат Байжанова: бәсекеге компания ішінде емес, одан тыс та қабілетті болу

14 шілде 2022
Ecology

«Теңізшевройл» (ТШО) әр қызметкердің өз артықшылықтарын түсініп, әлеуетін жүзеге асыру үшін құндылықтар мен ашық корпоративтік орта құру принципін ұстанады және оның қазақстандық кәсіпорындарда да басшылыққа алынғанын жөн санайды. Компания жұмысқа орналасуға ниет білдірушілер ағымының ешқашан төмендемегенін және бір орынға сансыз үміткердің бақ сынайтынын айтады. ТШО-ның адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері Кәмшат Байжанова «Vlast»-қа берген сұхбатында жұмысқа қабылдаудың қыр-сырын және корпоративтік мәдениеттің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

- Кәмшат, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, неге осы мамандықты таңдадыңыз?

- Атырауда туып-өстім және де алғашқы жоғарғы білімді Атырау мемлекеттік университетінен алдым. Аталған университеттен алған педагогикалық білім-ағылшын тілі, психология, әлеуметтану - менің болашақ мамандығымның басты өзегі болды. Кейін, Қазақстан-Британ техникалық университетіне түсіп, адам ресурстарын басқару магистрі дәрежесін иелендім. Одан әрі «Global Remuneration Professional» халықаралық сертификациясын алдым. Қарап отырсам, мен өмір бойы оқып келеді екенмін. Тіпті, оқымаған кезім жоқ десе болғандай. Ұдайы даму, өзіңді үздіксіз жетілдіру менің жұмыста да, өмірде де прогрессивті траекторияны сақтауыма көмектесіп келеді. Мен негізінен адами капиталды дамытумен айналысамын, елімізде осы салаға қаншалықты көп жаңалық енгізуге болатынын ескере отырып, әркез осы іспен айналысуды қаладым.

- Қазақстанда мұнай-газ салас әйелдердің мансап биігінен көрінуі қиын болар?

- Қазіргі заманауи әлемде көшбасшы әйелдер үшін, кедергілер мен қиындықтардың жеткілікті екендігі сөзсіз. Десек те, мен көшбасшылықтың сәттілігі гендерлік текпен шектелмейтініне, және де оның адамның кәсіби сапасына байланысты екендігіне сенімдімін. Осы ретте, әртүрлілік пен инклюзивтікке (Diversity and Inclusion) ерекше мән беретін халықаралық компанияларда тәжірибе жинаудың бұйырғанын мойындауым керек. ТШО-ның ішкі саясаты мен барлық процедуралары гендерлік немесе этникалық тегіне, жасына, біліміне, дініне және мәдениетіне қарамастан барлық қызметкерлерге тең мүмкіндіктер беруге бағытталған. Мұнда олар ұжымдағы ерлер мен әйелдердің бір-бірін толықтыратындығын түсінеді. Яғни, бірін-бірі алмастырмайды, қайта толықтырып отырады. Егер басқа компаниялардың басшылары мұны түсінсе, бұның компанияны табысқа бастайтыны сөзсіз.

- Көпшіліктің айтуынша, ТШО-ның корпоративтік мәдениеті Қазақстандағы көптеген компаниялардан өзгеше. Оның мәні неде, ол қандай факторға негізделген? Сондай мәдениетті сақтау үшін қандай құралдарды қолданасыз?

- Корпоративтік мәдениет әрқашан да маңызды әрі қажетті фактор. Қызметкерлер компанияның құндылықтары мен мәдениетін бөліскен кезде, озық тәжірибелерді қолдана отырып, дамуды жалғастыратын күнделікті міндеттерді шешудің анағұрлым оңтайлы жолын табуға икемді біртұтас ұжымға, ағзаға айналады. ТШО қызметкерлері қауіпсіз жұмыс, бірлік, өзара сенім, әртүрлілікті құрметтеу және инклюзивтілік компаниямызға жаңа қызметкер келісімен, міндетті түрде біз үшін маңызды нәрсенің бәрі қамтылған «ТШО-ның сара жолы» құжатымен таныстырылады. Мәселен, тек қана қауіпсіздік принциптері туралы айтып қою жеткіліксіз, қызметкерге осы қағидаларды ұстануға көмектесетін барлық қажетті құралдарға, ресурстарға, жаттығуларға уақытында қол жеткізуіне мүмкіндік беру керек. Мәдениетті дамытуда корпоративті мәдениеттегі кез-келген өзгерістерді бастайтын басшылар да маңызды рөл атқарады. Олар көщбасшы ретінде бәрін өздері тексеріп алып, содан кейін өз топтарына осы өзгерістерді қабылдауға көмектеседі. Әр қызметкердің өз артықшылығын түсініп, әлеуетін жүзеге асыру үшін басшылардың ашық, қол жетімді және орта мәдениетін дамытуы маңызды рөл атқарады. Тағы бір мәселе: компаниямыз қызметкердің дамуына қажет барлық жағдайды жасайды. Кез-келген идея, инновациялық ұсыныс та назардан тыс қалмайды және де идея иелері көтермеленеді. Бізде тіпті арнайы платформа да бар, онда кез-келген қызметкер өз идеясын ұсына алады. Идея міндетті түрде тексеріліп, талдаудан өтеді, ал идея пайдалы болса, міндетті түрде жүзеге асырылады.

Компанияда белгілі бір мәдениетті құруға әсер ететін көптеген факторлар бар. Мұнда ең бастысы - нәтижені тез күтпеу, өйткені стратегияны жазу немесе қарым-қатынас жасау бар да, оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көру мүлдем басқа нәрсе. Қажетті мінез-құлықтың қызметкерлер арасына қалай сіңгенін және ТШО мәдениетінің қалай көркейгенін бақылау қашан да жағымды.

- Сондай-ақ, көптеген кәсіби мамандар таңдаулы кадрлардың ТШО-да жұмыс істеуге ұмтылатынын біледі. Осы ретте, мықтыларды қалай таңдайсыздар?

- ТШО-ға қызметкерлерді қабылдау процесі стратегиялық жоспарлаудан басталады. Біз компанияның дамуы үшін не қажет екенін, орта және ұзақ мерзімді кезеңде болашақ қызметкерлер арасында қандай дағдылар мен құзыреттерді дамыту немесе іздеу керектігін жүйелі түрде талдаймыз. Қызметкерлерді іздеу процесі автоматтандырылған және ашық жүреді. Барлық жұмыс іздеушілерге бірдей қол жетімді болу үшін компанияның веб-сайтына сілтемелер мен нұсқаулар орналастырылған.

Керекті кадрды іздеп болған соң, бірнеше қадамнан тұратын іріктеу процесі басталады. Үміткерлерді бағалауда міндетті түрде ашықтық пен бейтараптылықты қамтамасыз ететін тәуелсіз өкіл тартылады. Кейбір жағдайларда, әсіресе жаппай жұмысқа қабылдау кезінде қосымша іріктеу кезеңі тестілеу ретінде қолданылады. Жоғарыда атап өткенімдей, қызметкерлерімізден қазір және болашақта да күтетін белгілі бір құндылықтар мен мінез-құлық аспектілеріміз бар. Сондай-ақ, олар тек техникалық құзыретті ғана емес, көшбасшылық және мінез-құлық қасиеттерін де бағалайтын interview profile form түрінде іріктеу процесіне енгізілген. Білесіз бе, біз тәжірибелі мамандарды ғана іздемейміз, бұған қоса, жоғары оқу орындарының талантты түлектеріне де қызығушылық танытып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұдайы ұйымдастырып тұрамыз.

- Яғни,“қоңыраумен, таныс арқылы қабылданатындар жоқ, бізде бәрі ашық, әділ іріктеу” дегенді айтқыңыз келеді ғой...

- Біз адамдардың осындай болжамға баратынын білеміз. Бізде іріктеу процесі үшінші тарап мамандарының қатысуымен және басқа да көп сатылы қадамдарды қоса алғанда, «қоңырау арқылы» қабылдауға жол бермейтіндей етіп жасалған. Білесіз бе, үміткерлер саны өте көп, ал бос орындар санаулы-ақ. Мысалы, бір ашық орынға 200 адамнан өтініш түсті делік, оның тек біреуі ғана өтетінін түсінуіміз керек. Қалған 199 адамның наразы болатыны айтпаса да түсінікті. Десек те, бұл жолы жолыңыз болмаса, өтінішіңізді қайтадан бере аласыз. Тағы да бір ғана бос орынға 200 адам өтініш береді, өтпейді, сөйтіп, адамдар да “бұлай болуы мүмкін емес” деген әсерде қалады. Кейде техникалық құзыреттіліктер бойынша өткен адамның көшбасшылық немесе мінез-құлық қасиеттерімен сәйкес келмейтін кездер де болады. Бұның бәрі, сайып келгенде, жұмысқа «қоңырау арқылы» қабылданады дегенді білдірмейді.

 

- ТШО Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады, ал адами капиталды дамыту – бұл жұмыстағы аса маңызды аспектілердің бірі. Осы ретте, Сіз өз үлесіңізді қалай көресіз?

- ТШО Қазақстан экономикасында да, ұлттық кадрларды дамытуда да өте маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Компания оқытуға, тәлімгерлік бағдарламаларына және халықаралық тағайындауларға көп қаражат бөледі.

Шындығында, Теңіз кен орнын игеру мен пайдаланудың ауқымы мен күрделілігінің өзі оқу мен даму үшін тамаша жағдай жасайды. Мысалға, ең озық технологияларды, жабдықтарды және процестерді пайдаланатын Келешек Кеңею Жобасын алайық – мыңдаған қазақстандықтар әлемдегі ең ірі мұнай-газ жобаларының бірінде бірегей практикалық тәжірибе алады. Қазақстандық мамандар даярлануда, жоба аяқталғаннан кейін олар әлемдік мұнай-газ нарығында осындай ауқымдағы жобаларда бәсекеге қабілеттіліктерін таныта алады. Бүгінде ТШО қызметкерлерінің 94%-ға жуығы жергілікті қызметкерлер. Ал, бізден білім алып, тәжірибе жинақтаған адамдар кейін, басқа жерде де жұмыс мүддесі үшін сондай талаптар қоя біледі. Менің ойымша, ТШО-ның қызметкерлерді дамыту, оларды басқару жағынан болсын, тіпті барлық аспектілер бойынша ықпалы орасан зор екендігін айтуымыз керек.

Тағы бір тиімді мысал, жаңа қызметкерлердің техникалық құзыреттерін дамытуды жеделдететін, оларды әлемдік стандарттарға сәйкестендіретін «Horizons» бағдарламасы. ТШО, сонымен қатар, әлеуеті жоғары қызметкерлерді халықаралық тәжірибе жинақтау үшін, Шеврон корпорациясының әлемнің түрлі елдеріндегі бөлімшелеріне уақытша халықаралық қызметке жібереді. Бұл тәжірибе мансаптық өсу және әлемдік мұнай-газ нарығында жұмыс істеу үшін өте маңызды. Оқып, тәжірибе жинақтаған қызметкерлер шетелдік мамандарды алмастырып, анағұрлым жауапты лауазымдарға көтеріледі.

ТШО өз қызметкерлерін дамытумен қатар, саланың заман ағымына сай дамуын да қарастырады. ТШО сарапшылары еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттеріне түрлі бағыттар бойынша дәрістер оқиды: олар озық тәжірибелерімен бөліседі, халықаралық компанияда табысты жұмыс істеу үшін қандай кәсіби дағдылар мен құзыреттерге ие болу керектігін айтады.

Жалпы қызметкерлерді дамыту жүйесі талап етілетін функцияларды қауіпсіз және дәл орындай алатын, сондай-ақ қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын бәсекеге қабілетті қазақстандық кадрларды дайындауға бағытталған. Біз компанияның табысы мен дамуы үшін әр адамның бірегей таланты, тәжірибесі және идеясының маңызы зор екендігіне сенімдіміз.

- Шыны керек, мені, әйел адам ретінде, Сіздің үш баланың анасы, сүйікті жар, басшы міндеттерін қалайша қатар алып жүргеніңіз қызықтырады. Пайдалы кеңестеріңіз бар щығар, уақыт пен жауапкершілікті қалай бөлесіз?

- Мен үшін өте маңызды сұрақ. Шыны керек, отбасым әркез бірінші орында. Мен өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрыптарымызды қатты құрметтеймін. Өйткені, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бәрі бізге ұлт ретіндегі бірегейлігімізді сақтауға көмектеседі. Біздің қоғамда әйел адамның әртүрлі міндеттерді шешуге араласуы қалыпты жағдай. Сол міндеттер әйелдерді дамыта түседі, мансап пен отбасын үйлестіре отырып, шыңдалуына көмектеседі. Егер отбасы қоғамның ұяшығы ретінде қалыптасып, өзін-өзі қамтамасыз ететін болса, әйел адамның дамуына, салт-дәстүрді сақтай отырып, жұмыста кәсіби өсуіне, отбасына жеткілікті көңіл бөлуіне ешқандай кедергі болмайды. Және бұл жерде бүкіл отбасының, әсіресе ер адамның қолдауы өте маңызды: мен өзімнің жолдасыма кез келген бастамамды қолдағаны үшін шексіз ризамын.