Құлсары қаласында облыс ақындарының айтысы өтті

26 мамыр 2023
Ecology

20 мамыр күні «Кең Жылыой» мәдениет үйінің сахнасында «Теңізшевройл» ЖШС-нің 30 жылдығына орай, облыстық ақындар айтысы өтті

«Теңізшевройл» Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалымен бірлесе отырып, 13 жылдан бері дәстүрлі түрде облыс ақындарының айтысын өткізіп келеді. Биыл кәсіпорын ақындар айтысын мерейтой шеңберіндегі «30 жылдыққа-30 шара» акциясы бағдарламасы бойынша Құлсары қаласында өткізуді ұйғарды.

 

«Біз Жылыой ауданына ерекше көңіл бөлеміз, себебі бұл жерде біздің өндірісіміз орналасқан, бұл жерде біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары тұрып, жұмыс істейді. Сондықтан да, біз биыл өңір тұрғындары халық өнерінің бірегей түрін тамашалауға мүмкіндік алсын деген ниетпен ақындар айтысын осында, Құлсары қаласында өткізуді шештік»,-деді «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов айтыстың ашылу салтанатында.- Компания өзінің 30 жылдық қызметінде халқымыздың ұлттық құндылықтары мен мәдениетін сақтауға және дамытуға үлес қосумен келеді. Сондай шаралардың бірі – ақындар айтысы».

 

Сөз шеберлерінің додасына облыстың түкпір-түкпірінен 16 айтыскер қатысты. Олардың қатарында Серікбол Панабердиев, Серік Қойшығұлов, Нұрбейбіт Нұғманов, Салауат Кәрімұлы, Нұрбек Сарбасов, Мүтиғола Ғани және басқалары бар.

 

Айтысқа түскен жұптардың таңдалуы да қызық болды. Мысалы, 7 жылдық шығармашылық үзілістен кейін сахнаға шыққан жалғыз айтыскер қыз Әсел Тәушенова Жәнібек Садыровпен бәсекеге түсуге мәжбүр болды.Қарсыласының айтуынша,айтыстағы ұзақ жолда оның қызбен сайысқа түсуі бүгінге бұйырыпты.

 

Ал, жуырда ғана Атырауға келген сапарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында өнер көрсеткен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының айтыскер ақындар бөлімінің соңғы сынып оқушысы, жас ақын Ерасыл Мұхитовқа ұстазымен айтысу бұйырды.Соған қарамастан, жас ақын екеуінің қайсысы жеңіске жетсе де, бұл ұстазының жеңісі болатынын айтып, тапқырлық танытты. Ұстаз еңбегін бағалаған шәкіртінің жетістігінен артық ештеңе болмас...

 

Әдеттегідей айтыскерлер айтысқа әдемі әзіл, тапқыр оймен әр бере отырып, қоғамдағы, сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерді жырға қосты. «Теңізшевройлдың» 30 жылдық қызметіндегі ел дамуына қосқан үлесін де назардан тыс қалдырмады. Айтыскерлердің додаға жоғары дайындықпен келгендері байқалып тұрды. Олар әлеуметтік инвестициялар бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды, «Игіліктің» игі істерін, «Жарқыраның» небір жобаларын тілге тиек етті.

 

Серікбол Панабердиев пен Мүтиғолла Ғани арасындағы айтыс көрерменнің ерекше қолдауына ие болды. Олар қазақ халқының осынау көне өнерінің тәжірибелі өкілдерінің бірі. Сондай-ақ, жылыойлық айтыскерлердің әрқайсысына құлсарылықтар қолдау білдірумен болды.Айтыс ақындарының бірнеше буынын тәрбиелеп, есімі ел есінде мәңгі қалған марқұм Салауат Исахаевтың ұлы Ернұр Исахаевқа да көрермендер қошаметінде шек болмады.

 

Ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевты да әзілмен қағытқандар табылды. Ол жиналған қауымға өзінің ізбасары, облысымызға белгілі айтыскер Шалқарбай Ізбасаровты таныстырды.«Бір кезде «Теңізшевройл» ұйымдастырған айтыстың арқасында өскендердің бірі екенімді атап өткім келеді. Айтыстағы тұсауымды ТШО кескен мен алдымен облыстық деңгейдегі айтысқа қатысып, республикалық деңгейге өттім. Осы ретте, мені қанаттандырған компанияға және ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Биылдан бастап, «Айтыскерлер одағының» Атырау облыстық филиалының басшысы болып сайландым. Халықтың сенімін ақтаймын деген үміттемін. Айтыстың Жылыой өңірінде өткізілуі айтыскерлер үшін ерекше маңызға ие, өйткені бұл жер біз ұмытпайтын таңдаулы айтыскерлеріміздің бірі де, бірегейі Салауат Исахаевтың туған жері».

 

Айтыс қорытындысында Бас жүлде Жылыой ауданының тумасы Ғалымбек Мұстафаға,ал бірінші орын Серікбол Панабердиевке бұйырды. Екінші орынды Ерболат Ізден мен Жәнібек Садыров бөлісті. Үшінші орын Әсел Таусенова, Ернұр Исахаев және Серік Қойшығұловқа бұйырды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.