13 кәсіпкер Теңізшевройлдың Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында қаржылай көмек алды

26 қаңтар 2024
Ecology

Құлсары қаласында Орталық Азияның Еуразия қоры (ОАЕҚ) жүзеге асырып отырған «Таңдау» жобасының бірінші легі бойынша жеңімпаздар жарияланды. Бұл жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуды қолдаумақсатында бастау алған болатын.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова бұл жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті. «Жаңа жыл тамаша жаңалықтармен басталды – 13 кәсіпкер өз ісін жүзеге асыру үшін пайызсыз несие алды. Аудан басшылығы атынан «Теңізшевройл» компаниясына шағын және орта бизнесті қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Жоба алдағы жылдарда да жалғасын тауып, жақсы нәтижелер көрсетеді деп үміттенемін. Ал бірінші лектің жеңімпаздарына сәттілік тілей отырып, жобаның болашақ тағдыры олардың табыстарына байланысты екенін атап өткім келеді».

Бірінші лектің қорытындысы бойынша Құлсары қаласының 13 тұрғыны өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 2 миллионнан 4,5 миллион теңгеге дейін пайызсыз несие алды. Оның ішінде: құлақ ауруларын емдеу орталығы (ЛОР) мен гүл дүкенін ашу, клининг және химиялық тазалау қызметтері, құс өсіру, ұлттық сүт өнімдерін өндіру және басқа да бизнес бағыттары бар.

Бірінші лектің жеңімпаздарының бірі Мафу Рзабаева кір жуатын орын ашу үшін 2,5 миллион теңге несие алды. Бұл оған аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

««Таңдау» жобасы маған маркетинг, қаржы және бизнесті басқару салаларында көптеген жаңа нәрселерді үйренуге, сонымен қатар бизнесімді кеңейту туралы арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Менің мақсатым – тек бизнесті кеңейту емес, ең алдымен Құлсары қаласының тұрғындарына, жайлы жұмыс пен жалақыға мұқтаж әйелдерге қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жылыой ауданында осындай жобалар көп болса екен деймін!», – деп бөлісті Мафу Рзабаева.

Айта кету керек, бірінші лекте жеңімпаздар арасында 6 адам 2,5 миллион теңгеге дейін, 7 адам 4,5 миллион теңгеге дейін несие алды. Берілген қаражатқа кәсіпкерлер тек қажетті құрал-жабдықтарды сатып ала алады. Бұл жобаның бір шарты екенін ескерген жөн – бөлінетін қаражат тек құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталуы тиіс. Кәсіпкерлерге өз ісін ашуға 6 ай уақыт беріледі, аталған мерзім өткеннен кейін олардан қаражатты кезең-кезеңімен қайтару талап етіледі. Алдағы уақытта бұл қаражат келесі бизнес-идеяларды қаржыландыруға бағытталатын болады.

«Таңдау» өткен жылдың күзінде іске қосылғалы бері 108 қатысушының назарын аударды, оның 35-і жартылай финалға өтті. Айта кетейік, 13 жеңімпаздың 10-ы әйелдер. Жыл ішінде жобаның тағы екі легі жүзеге асырылады. Жалпы, бір жылда Жылыой ауданында шағын және орта бизнестің 30-ға жуық өкіліне қолдау көрсету жоспарлануда. Оқытудың екінші легіне жазылу әлдеқашан басталып кетті. Құлсары қаласындағы жоба өкілдерінен өтінімдер tandau_zhylyoi әлеуметтік желі парақшасында қабылданып жатыр .