2025 жылдың 21 сәуірінде Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы республикалық көлемде сенбіліктер өткізуді, сондай-ақ бүкіл ел аумағындағы қалалар мен ауылдарды абаттандыруды қамтитын «Таза Қазақстан» атты акцияны іске қосқан болатын.
Астанада өткен іс-шара барысында Мемлекет басшысы ұлттық науқанның қорытындысын шығарып, оған қатысушыларды атап өтті. 2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясына 6 миллионнан астам адам қатысып, 1,8 миллион гектар аумақ тазартылды, 1,1 миллион тонна қоқыс жиналды, сондай-ақ 1,6 миллионнан астам ағаш пен өсімдік отырғызылды
«Айналаны ретке келтіру және ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. – Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Экологиялық ағартуға ерекше назар аудару керек, бұл – «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық науқанының басты бағыттарының бірі».
Сондай-ақ, Президент Тоқаев компаниялардың, соның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің де жұмысын атап өтті: «Мен жаңа ғана экологияға мән беретін кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған стендтерді аралап шықтым. Сіздерге ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасуда».
«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон Мемлекет басшысына компанияның экологиялық жетістіктерін таныстырып, қоршаған ортаны қорғау және адамдарға қамқорлық – компанияның негізгі құндылықтарының бірі екендігін атап өтті. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» науқанының философиясы мен мақсаттары негізінен компанияның бизнес жүргізу қағидаттарымен сәйкес келеді.
«2022 жылдан бері компания Жылыой ауданы аумағында 12 000-нан астам көшет отырғызды. Аталған жұмыс биыл да жалғасын табады», – деді Кевин Лайон. Сонымен қатар, ол сенбіліктер мен қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысатын компания қызметкерлерінің үлесін атап өтті. Ал,өткен жылдың көктеміндегі су тасқыны салдарынан Кұлсары қаласы көшелерінен 22 000 тоннадан астам қоқысты жинау және шығару– компания жүзеге асырған ең маңызды шаралардың бірі болды.
Айта кету керек, ТШО құрылған күнінен бастап экологиялық көрсеткіштерді үздіксіз жақсартуға ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі таңда компания қоршаған ортаны қорғау шараларына 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Озық технологияларды қолдана отырып, шығарындылардың қарқындылығын 70%-дан астамға төмендетіп, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін шамамен 50%-ға жеткізді. Сондай-ақ, суды үнемдеу және қайта пайдалану шараларының арқасында Батыс Қазақстандағы магистральдық су құбырынан су алу Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығының ауқымына қарамастан, тек 5% құрап отыр.