2025 жылғы 29 мамыр, АТЫРАУ – Бүгін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) компания басшылығында болатын өзгерістерді ресми түрде хабарлады. 2025 жылғы 10 маусымнан бастап ТШО бас директоры лауазымына Уильям Лакоби тағайындалады. Ол бұл қызметте 2021 жылдан бері бас директор болған Кевин Лайонның орнын басады.
Кевин Лайон Шеврон компаниясының бас кеңсесіндегі жаңа басшылық қызметке тағайындалды. Лайон мырзаның басшылығымен ТШО Келешек кеңею жобасын сәтті жүзеге асырып, Қазақстанның өсіп келе жатқан мұнай-химия өнеркәсібін қолдау және газға деген елдегі ішкі сұранысты қанағаттандыруда жетекші рөл атқаруын жалғастырды.
«Күрделі сынақтар мен маңызды белестерге толы кезеңдерде ТШО-ның басшысы болу мен үшін зор мәртебе болды. Бүгін жаңа тараудың беті ашылады – ТШО ұжымы Қазақстан игілігіне қызмет етуін әрі қарай да жалғастырады деген нық сеніммен, қызметімді Уильям Лакобиге тапсырамын. Қазақстан үкіметіне, ТШО акционерлеріне, адал қызметкерлеріміз бен бизнес-серіктестерімізге және Атырау халқына жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдауы мен ынтымақтастығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Кевин Лайон.
Уильям Лакоби өзінің 31 жылдық мансабында АҚШ, Ангола және Индонезиядағы Шеврон бизнес бөлімшелерінде әртүрлі инженерлік-техникалық және басшылық қызметтерді атқарған. 2021 жылдан бастап ол Оңтүстік Африкадағы Шеврон стратегиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры болып, сол қызметінде Ангола мен Конго Республикасындағы Шеврон активтеріне, соның ішінде Анголадағы сұйытылған табиғи газ өндірісінің ірі жобасына жауапты болды. Онда Уильям Лакоби жергілікті қамту және кадрларды дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына ықпал еткен тамаша басшы ретінде танылды.
ТШО бас директоры қызметіне кіріскелі тұрған Уильям Лакоби: «ТШО бас директоры болып тағайындалу - мен үшін үлкен мәртебе. Теңіз кен орны техникалық тұрғыдан дүние жүзіндегі ең күрделі кен орындарының бірі болғандықтан, қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету және Қазақстан экономикасының өркендеуіне ықпалдасу компаниямыздың басты бағыты болып қала бермек. Мен Қазақстан үкіметімен, акционерлерімізбен, сонымен бірге өзіміз тұрып, қызмет етіп отырған өңірдің халқымен өзара серіктестігімізді одан әрі нығайту мүмкіндігін асыға күтемін» - деді.