Жаңа жыл қарсаңында Жылыой ауданының автопаркіне дәстүрлі түрде коммуналдық қызметке қажет жаңа арнайы техника табысталды. «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО) жалпы құны шамамен 1,3 млрд теңге тұратын алты арнайы техниканы сыйға тартты.
Гүлнафис Айшуақова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары: ТШО Жылыой ауданының дамуын қолдап, өз үлесін қосып келеді. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданымызға жаңа арнайы техника берілді».
Барлығы 18 арнайы техника берілді: Hidromek маркалы екі экскаватор, жүк көтергіштігі 15 тонна болатын бес жүк түсіргіш көлік, екі қар тиегіш табанды машина, сондай-ақ жақын арада жоғары маневрлі көпфункционалды МКМ 1904 маркалы екі құрама көлік, Mitrax MP 749 маркалы екі шағын тиегіш және ММК-1000 маркалы бес сыпырып-жинағыш техникалар жеткізіледі. Бұл техникалар ауданның тұрғын үй-коммуналдық қызметтеріне жәрдемдесуге арналған.

ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаевтың айтуынша, бұл арнайы техника көшелерді тазалауға және су тасқынынан кейін қалпына келтіруге ғана емес, қар тазалауға да пайдаланылады. «ТШО әкімдікпен бірлесіп «Таза Қазақстан» акциясы аясында Құлсары көшелерінің жағдайын жақсартуға атсалысып отыр. Компания біздің қызметкерлер мен олардың отбасылары тұратын ауданның әлеуметтік дамуына қолдау көрсетуді жалғастырады».

Орталық аудандық ауруханаға жалпы құны шамамен 18 млн теңге тұратын жаңа медициналық жабдықтар, оның ішінде Haemonetics PCS2 автоматтық донорлық плазмаферез аппараты сатып алынғанын айта кеткен жөн. «Жаңа жабдықты жеткізуге және орнатуға аздаған уақыт қажет болады, бірақ Жаңа жыл мерекесінен кейін ол Жылыой ауданы халқының денсаулығына пайдасын тигізеді деп үміт етемін», – деді Нұрмұхамед Қартабаев.

Арнайы техника мен медициналық жабдық Жылыой ауданы әкімдігінің сұранысы бойынша сатып алынып, сыйға тартылды. Еске сала кетейік, өткен жылы демеушілік қолдау ретінде ТШО ауданға екі арнайы жол техникасын – SDLG автогрейдерін және KADEME тазартқыш машинасын, сондай-ақ орталық аудандық ауруханаға күйікке шалдыққан науқасқа арналған кереуетті сыйға тартқан болатын «Теңізшевройл» компаниясы Жылыой ауданына көрсететін қолдауын жалғастырып отыр.