«Теңізшевройл» компаниясы 2025 жылғы қызметінің нәтижелерін жариялады

12 ақпан 2026
Ecology

Бүгін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) 2025 жылғы қызметінің нәтижелерін жариялап, Қазақстан Республикасына 10,6 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей қаржылық төлем жасағанын атап өтті.

2025 жылғы қаңтар айында ТШО Келешек кеңею жобасы – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) шеңберінде маңызды межеге қол жеткізіп, жаңа Үшінші буын зауытында (ҮБЗ) мұнайды қауіпсіз түрде өндіре бастады, ал бұл өз кезегінде Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына қосымша 12 миллион тоннаға арттырады деп күтіледі. Сонымен бірге, 2025 жылы ТШО мұнай өндіру көлемін 39 миллион тоннаға (311,3 миллион баррель) дейін ұлғайтты.

2000 жылдан бері ауа шығарындыларының жалпы қарқындылығы 78%-ға төмендеді.  

Сондай-ақ, 2025 жылы ТШО эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстарын толық аяқтап, ТШО нысандарынан деректі тиісті мемлекеттік органдарға нақты уақыт режимінде жібере бастады.

«Біз 2025 жылды экология және өндіріс салаларындағы жоғары нәтижелермен табысты әрі қауіпсіз аяқтадық. Бұл жетістіктер - біртұтас ТШО ұжымының бірлескен және үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Мен тек ТШО мен мердігер ұйымдардың қызметкерлеріне ғана емес, сондай-ақ серіктестерімізге, мемлекеттік органдарға және жұртшылыққа Қазақстан Республикасының игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан компанияны үзбей қолдап жүргендеріңізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді», – деді ТШО бас директоры Билли Лакоби.

1993 жылдан бері ТШО Қазақстан Республикасына 212 млрд АҚШ долларынан астам тікелей қаржылық төлем жасады. Оның ішіне мемлекетке төленген салық пен роялти, мемлекеттік компанияларға төленген тарифтер мен жарналар, қазақстандық акционерге үлестірілген пайда, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сондай-ақ жергілікті қызметкерлердің еңбекақысы кіреді.

2025 жылы компания жаңа рекорд орнатты - отандық жеткізушілермен белсенді  серіктестіктің арқасында қазақстандық қамтуға жұмсалған шығындар үлесі 71%-ға жетті. 1993 жылдан бері ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерге шамамен 52,3 млрд АҚШ доллары құрайтын инвестиция құйды. Бүгінде TШO-дағы 96% лауазымды қазақстандықтар иеленетінін атап өткен жөн, бұл көрсеткіш 1993 жылы 50% ғана болатын.

ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров: «ТШО-ның Қазақстанда тіркелген компаниялардан тауар сатып алу үлесі өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсіп, 15%-ға жетті. Сондай-ақ екі отандық компания – PSI Energy мен «Қарасай машина өндіру зауытының» жетістігін ерекше атап өткім келеді. Бұл компаниялар ұзындығы 38 метр, салмағы 92 тоннаға дейін жететін екі модульдік қосалқы станцияны дайындау жұмыстарын табысты әрі қауіпсіз аяқтады. Жоба аясында еңбек жарақатынсыз жалпы 800 мыңнан астам жұмыс сағаты жұмсалды. Бұл – қазақстандық компаниялардың әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары екендігінің айқын дәлелі», – деді.

2025 жылы ТШО «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы шеңберінде Жаңаталап ауылында жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салып, пайдалануға берді. Бұдан бөлек, «Игілік» бағдарламасы шеңберінде ТШО Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесіне қажет 25 жедел жәрдем көлігін, 80-нен астам медициналық жабдықты, сондай-ақ Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қажетіне 20 арнайы техника табыстады.

Сонымен бірге, ТШО денсаулық сақтау, экономикалық даму, білім беру және қазақ халқының ұлттық мұрасын қолдау бағытында қызмет ететін Әлеуметтік инвестиция бағдарламасы шеңберінде Атырау облысындағы шамамен 10 000 тікелей бенефициарға оң ықпал етті.

Деректер мен Дәйектер - 2025 жылдың қорытындылары