ТШО Атырау облыстық кардиологиялық орталығына заманауи медициналық жабдық тапсырды

05 наурыз 2026
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Атырау облыстық кардиологиялық орталығына заманауи медициналық жабдықты тапсыру жобасын аяқтады. 2025 жылы басталған бұл бастама Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған. Кардиоорталыққа тапсырылған жабдықтың жалпы құны 560 миллион теңгені құрады.

Жабдықты тапсыру орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Тапсырылған жабдықтардың қатарында жүректің электрлік белсенділігін үш өлшемді картаға түсіруге арналған заманауи EnSite X жүрек картирлеу және навигация жүйесі бар. Бұл технология әлемнің жетекші кардиологиялық орталықтарында жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын диагностикалау және емдеу үшін қолданылады. Сонымен қатар, ашық жүрекке жасалатын операциялар мен күрделі кардиохирургиялық араласулар кезінде пайдаланылатын жоғары сенімді S5 жасанды қан айналымы аппараты жеткізілді. Бұдан бөлек, орталыққа азот тотығының мониторы, WorkMate Claris электрофизиологиялық жүйесі және басқа да арнайы медициналық жабдық берілді.

Мекеменің тарихы 1951 жылғы ақпанда Каспий маңы мұнай-газ саласының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсету үшін ашылған көпсалалы ауруханадан бастау алады. Халық арасында ол «Мұнайшылар ауруханасы» деген атпен белгілі болды. Бүгінде оның базасында өңірдегі негізгі бейінді медициналық мекемелердің бірі — облыстық кардиологиялық орталық жұмыс істейді.

Өткен жылы орталықта 4200-ден астам пациент ем қабылдап, 4700 диагностикалық рәсім және әртүрлі күрделілік деңгейіндегі 3922 операция жасалды. Қазіргі уақытта мұнда қолқа, ұйқы және коронарлық артерияларға операциялар жасалады, стенттер мен клапандар имплантацияланады, кардиостимуляторлар орнатылады, аортокоронарлық шунттау (АКШ), ангиография және басқа да заманауи кардиохирургиялық көмек түрлері көрсетіледі.

Жаңа жабдықтың арқасында алдыңғы қатарлы клиникалық әдістер енгізілді. Атап айтқанда, орталық хирургтары жасанды қан айналымы жағдайында митралды қақпақты протездеу және трикуспидальды қақпақты пластикалау операциясын сәтті жүргізді. Ота барысында орталық тәжірибесінде алғаш рет өкпелік гипертензияны төмендету үшін азот тотығы (NO) қолданылып, бұл пациенттің жағдайын тұрақтандыруға және хирургиялық емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхаммед Картабаев: «Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға инвестиция салу арқылы біз адамдардың әл-ауқатына инвестиция саламыз. Өңірдің медициналық мекемелерін қолдау және заманауи технологияларды енгізу — біздің орнықты даму стратегиямыздың және Атырау облысымен ұзақ мерзімді серіктестігіміздің бір бөлігі», — деп атап өтті.

2025 жылдың соңынан бастап ТШО Атырау облысының медициналық ұйымдарына жалпы құны шамамен 4 миллиард теңгені құрайтын жабдық тапсырды. Қолдау перинаталдық орталықты, онкологиялық диспансерді, қалалық емханаларды, Махамбет, Индер және Исатай аудандарының аудандық ауруханаларын, сондай-ақ өңірдің басқа да мамандандырылған медициналық мекемелерін қамтыды.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев: «ТШО-мен ынтымақтастық облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде нығайтуға мүмкіндік береді. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді», — деп атап өтті.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты ретінде жедел медициналық көмек қызметін жаңғырту жүзеге асырылды. 2025 жылдың соңында компания өңірге заманауи жабдықпен жарақтандырылған 25 жедел жәрдем көлігін тапсырды. Бұл автопаркті едәуір жаңартуға және қалада да, шалғай елді мекендерде де шақыртуларға жедел ден қоюды арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ТШО Жылыой аудандық орталық ауруханасы үшін шамамен 18 млн теңгеге медициналық жабдық, оның ішінде Haemonetics PCS2 автоматты донорлық плазмаферез аппаратын сатып алды.

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялары орнықты дамудың ұзақ мерзімді стратегиясы аясында жүзеге асырылады. 1993 жылдан бері компания Атырау облысындағы денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларға 3,5 млрд АҚШ долларынан астам қаражат инвестициялады.