ТШО қазақстандық компаниялармен логистикалық және кедендік қызметтерді дамытуды талқылады

24 шілде 2026
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) жүк тасымалдауды ұйымдастыру және кедендік ресімдеу қызметтерін көрсетуші компанияларға арналған жеткізушілер форумын өткізіп, қазақстандық компаниялардың өкілдерін ынтымақтастық мүмкіндіктерін, қауіпсіздік талаптарын, логистикалық операцияларды, нормативтік талаптарға сәйкестікті және қазақстандық қамтуды дамыту мәселелерін талқылау үшін бір алаңға жинады. 

Іс-шара барысында ТШО басшылығы отандық жеткізушілермен ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарды дамыту мен қазақстандық компаниялардың компанияның жеткізу тізбегіне қатысу үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті. 1993 жылдан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін ТШО-ның қазақстандық жеткізушілерден сатып алған тауарларының, жұмыстары мен қызметтерінің жалпы көлемі 52,6 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандық қамтуды дамытуға шамамен 370 млн АҚШ доллары бағытталды. 

«ТШО үшін қазақстандық қамтуды дамыту ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық болып табылады. Біз отандық бизнестің өсуіне, қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін нығайтуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік жасауды жалғастырып келеміз. Қол жеткізген нәтижелерімізді мақтан тұтамыз және жергілікті компаниялармен серіктестікті одан әрі нығайтуға ниеттіміз», – деп атап өтті қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі менеджері Саламат Елеусінов.  

Форум аясында ТШО мамандары компанияның жеткізу тізбегіне шолу жасап, жүк тасымалдауды ұйымдастыру және кедендік ресімдеу қызметтеріне қойылатын талаптарды, жұмыстарды қауіпсіз орындаудың негізгі қағидаттарын, сондай-ақ нормативтік талаптарды сақтау мен іскерлік этика стандарттары саласындағы компанияның талаптарын таныстырды. Өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қауіпсіздік ТШО қызметінің басты басымдығы және барлық өндірістік үдерістерінің негізі болып қала береді. 

Қатысушылар компанияның логистикалық қызметінің ауқымымен де танысты. ТШО жыл сайын жүздеген халықаралық жүк тасымалын, мыңдаған кедендік декларациялар мен сәйкестік сертификаттарын рәсімдеуді қамтамасыз етеді. Бұл барлық жеткізу тізбегіне қатысушылар арасындағы жоғары деңгейдегі үйлестіруді, үдерістердің ашықтығын және тиімді өзара әрекеттестікті талап етеді. 

Талқылау барысында ТШО өкілдері компанияның қауіпсіздік, сенімділік, ашықтық және жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын бөлісетін жеткізушілермен ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті. 

«Қауіпсіздік біздің басты басымдығымыз және барлық операцияларымыздың берік негізі болып қала береді. Біз осы ұстанымды бөлісетін және жеткізу тізбегінің әр кезеңінде қауіпсіздік, сенімділік және талаптарға сәйкестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге дайын серіктестермен жұмыс істеуге ниеттіміз», – деп атап өтті форум барысында ТШО Жеткізу тізбегін басқару жөніндегі менеджері Нагендра Доддапанени. 

Бағдарламаның жеке бөлігі сатып алу үдерістері мен жүк тасымалдауды ұйымдастыру және кедендік ресімдеу қызметтеріне қатысты алдағы тендерлерге арналды. Онда жұмыс көлеміне қойылатын талаптар мен әлеуетті бизнес-серіктестерден күтілетін нәтижелер таныстырылды. Қатысушыларға нарықтағы тәжірибелерімен бөлісуге, өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылауға, сондай-ақ инновацияларды қолдау, тиімділікті арттыру және ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға бағытталған жеткізушілер ұсынған шешімдерді ортаға салуға мүмкіндік берілді. Форумға қатысушылар тендерлік үдерістің негізгі кезеңдерімен, жеткізушілердің біліктілік талаптарымен және ТШО-ның ашықтық пен әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету тәсілдерімен таныстырылды. 

Форум ТШО-ның қазақстандық жеткізушілерді дамытуға және отандық компаниялардың қатысуын кеңейтуге қолайлы жағдай жасауға деген берік ұстанымын тағы бір мәрте растады. ТШО жергілікті бизнесті нығайтуға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және Қазақстан Республикасы үшін ұзақ мерзімді экономикалық құндылық қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыра береді.