Теңізшевройл «Игілік» бағдарламасы аясында 300 орындық мектеп салды

06 желтоқсан 2023
Ecology

Атырауда ең көне білім ордаларының бірі – М. Жұмабаев атындағы №1 мектептің көптен күткен жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Аталмыш мектеп «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынған және заманауи білім берудің барлық талаптарына жауап береді.

«Бұл көптен күткен оқиға. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларына сапалы білім беруді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында облыста апатты мектептер мен үш ауысымды оқытуды жою бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Келешек ұрпақ - біздің болашағымыз, сондықтан біз олардың бәсекеге қабілетті болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Олардың сапалы білім алуы осы жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге байланысты. Сіздің оқушыларыңыз келешекте тек сіздердің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналады деп сенемін», - деп атап өтті Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Жаңадан салынған 300 оқушыға арналған мектеп ғимаратында бастауыш және жоғары сыныптарға арналған оқу блоктары, сыйымдылығы 110 орындық асхана, бөлек душ және киім ауыстыратын бөлмелері бар спорт зал, оқу залы бар кітапхана, сондай-ақ «Технология» пәні бойынша өтетін толық жабдықталған кабинеттер бар. Сонымен қатар, футбол алаңы, жүгіру жолы, әскери дайындық алаңы, баскетбол және волейбол алаңы бір уақытта ашық ауада сабақ өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары үшін қауіпсіз ойын алаңдары жабдықталған. Мектептің ерекшелігі - инклюзивті орта болуы: нашар көретіндерге арналған жолдар қарастырылған және Брайль шрифті қолданылған, сонымен қатар мектеп ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға арналған әжетхана және лифтпен жабдықталған.

“Білім беру Теңізшевройлдың әлеуметтік бағдарламаларының басым бағыттарының бірі болып табылады. Білімді жастар – болашақтың кепілі деп санаймыз. Және оның дамуына өз үлесімізді қосуға әрдайым ұмтыламыз”, - деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесінов.

ТШО жыл сайын «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы арқылы Атырау облысының мектептерін, балабақшаларын, ауруханаларын және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарын салуға 25 миллион АҚШ долларын бөлетінін атап өткен жөн. 30 жыл ішінде 8 мектеп пен 15 балабақшаны қоса есептегенде барлығы 120-дан астам нысан салынды.